Ғалымдар жазуы бар керамикалық кестелердің екі мың жылдан астам тарихы барын айтады.Сонымен қатар алғаш рет жер астынан табылған жазба жәдігерінен арамей тілінде толық мәтінді оқуға мүмкіндік бар. Бұл ежелгі шығыс иран тілі диалектілерінің біріне жатады. Жазулар кірпішке қашалып жазылған, содан кейін ол күйдіріліп, өз мақсатына сай қолданылатын болған. Аталмыш керамикалық кестелер әлемнің көрнекті палеолингвистерін қызықтырып отыр.
Александр Подушкин, ОҚМПУ профессоры:
- Әлемдегі әрбір мемлекеттің жазба мәдениеті қалыптаспаған. Әр мемлекет жазба тарихымыз бар деп мақтанады. Бірақ керамикалық кірпіш – кесте түріндегі мұндай өнер түрі сирек кездеседі. Бұл жерде Самарқанд, Бұхара, Кеш, Қарши, Шаш сияқты ірі орталықтарға қатысы бар оқиғалар жазылған. Сондай-ақ қаланың құрылуы мен жері туралы жазба қалдырылған. Ең бастысы шатырлар немесе көшпенділер мекен еткендігі көрсетілген. Олар отырықшы ауыл шаруашылығының адамдары болыпты.
Сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде археологтар номад жауынгерінің жебесі, керамикалық ыдыстар мен әшекей бұйымдар секілді басқа да ерекше артефактілерге жолықты. Ғалымдар табылған заттар Қаңлы мемлекеті жөнінде біршама құнды ақпараттың беті ашылатынына сенімді.