Елордада «Түркі жебесі» атты көрме ашылды

Елордада «Түркі жебесі» атты көрме ашылды

Ұмай анадан басталған төл тарихымыз бен заманауи Қазақстанның бүгінгі келбеті. Елордадағы әскери-тарихи музейде қазақстандық суретші - Ерлан Айтуаровтың «Түркі жебесі» атты жеке көрмесі ашылды. Отандық қылқалам шебері 50 жылдық шығармашылық жолының негізгі денін тарихи туындыларға арнаған. Сондай-ақ, келушілер бір ай бойы портрет, пейзаж жанрындағы бірегей жұмыстармен таныса алады. Барлығы 80-ге жуық еңбек қойылған. Автор ендігі кезекте еліміздің мәдениетін шет мемлекеттерге кеңінен танытатын жеке көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бүгінде  Ерлан Айтуаровтың таңдамалы картиналары жергілікті және шет елдік көрмелерге қойылған. Бірқатар шығармасы Қазақстан, Ресей, Франция, Израиль, Германияның жеке коллекцияларында сақтаулы. 

Ерлан Айтуаров, суретші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

 – 40 жылдай мен тарихпен айналысамын. Оны бастау өте қиын, неге десек? Көп оқу керек, көп білу керек. Архивте жүру керек. Экспедицияларға бардым, бәрін көріп, жәдігерлерді қолымен ұстап Алтын адамнан бастап, Алтайда болғанмын. Неге оларды салдым? Ол біздің тарих қой, біздің ата бабамыз. Оны есте қалдыру керек деп армандадым.

Ермұхан Жүнісхан, ҚР Көркем Академиясының Вице-президенті, ҚР мәдениет қайраткері:

–  Бұл кісінің ерекшелігі, әрине ол өзінің қолтаңбасы, өзінің бояуларының қанық болуы. Сонымен қатар ол тек қана бояуға, түске байланысты емес, суретші өзінің ішік жан-дүниесін көрсете білуі керек. Бұл жерде суретшінің өзі еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, махаббаты айқын көрініп тұр. Айтатын болсақ, өзінің туған жері, Қазақстанның әсем табиғатын бейнелеумен қатар, еліміздің жетістіктері, біздің төл тарихтан сыр шертетін үлкен картиналары бар.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов