Энергетика, жүк тасымалы, цифрлық валюта, ауылшаруашылығы және пайдалы қазбалар. Қазақстан мен Қытай осы және өзге де салалар бойынша 30-дан аса құжатқа қол қойды. Екіжақты келіссөздерден кейін қос ел басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан экономикасына құйылған Қытай инвестициясының көлемі 16%-ға өсіп, 1,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады. Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын.
Сондай-ақ қос тарап ғылым және білім саласындағы серіктестігін жандандырмақ. Елімізде Қытайдың екі бірдей жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейтін болады. Қытайда қазір 4 мыңнан астам қазақ жастары білім алуда. Ниеттілер қатары әлі де аз емес. Осыған орай үкіметтік грант санын көбейту жағы да пысықталды.