Қазақстан, Белорусь, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның жас геологтары Ақмола өңірінде ұйымдастырылған VII халықаралық далалық олимпиадада бас қосты. Онда жалпы 220 оқушы, барлығы 20 команда осы бағытта біліп-түйгенін ортаға салуда. Жарыстар дала тұрағын ұйымдастыру, қауіпсіздік техникасының негіздері, палеонтология, магнитометрия, минералогия және петрография, шлихті сынау, гидрология, мұнай мен газды іздеу, геологиялық кесу және барлау сынды бірнеше бағытта өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар зияткерлік сайыс арқылы өскелең ұрпақтың назарын геоэкология және жер қойнауы мен табиғатты қорғау мәселелеріне аударуды мақсат етеді. Жарыс нәтижесінде ең үздік деп танылған оқушылар Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігін беретін грант иегерлері атанады. Сондай-ақ, жеңімпаз команда келесі жылы Бүкілресейлік жас геологтар олимпиадасында ел намысын қорғайды.
Ғалым Нұржанов, «Жас геолог» Корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы:
- Біздің Қазақстанның байтақ жерінде зерттелмеген кен орындары бар. Әртүрлі
сирек кезігетін металдар бар. Оның бәрін іздейтін болашақ біздің Қаныш ағаларымыз
осы балалардың ортасында. Оларды біз ашуымыз керек.
Бұл ретте, 2022 жылы
Қазақстанда геология саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданғанын айта кету
керек. Оның 4 бағытының бірі - маман тапшылығын
шешу. Бүгінде еліміздің 9 жоғары оқу орны геологтарды дайындайды.