Қазақстанда заңсыз активтердің есебінен тағы бір заманауи білім ошағы бой түзейді. Үкімет Ұлытау облысында 80 орындық мектеп салу үшін 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Аталған құрылысты бастау 2025 жылдың I тоқсанына жоспарланған. Жобаны іске асыру оқу орындарының санын ұлғайтуға мүмкіндік береді және заманауи білім беру талаптарына сәйкес балаларды оқыту үшін қажетті қолайлы жағдай жасайды. Еске салайық, Қазақстан Президентінің тапсырмасымен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға сәйкес Арнаулы мемлекеттік қор қаражатынан өңірлерде бірқатар әлеуметтік маңызы бар бастама жүзеге асырылуда. Бұл қатарда спорт кешені, музыка мектебі, дарынды балаларға арналған спорт орталығы, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығы, ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, мектеп, арухана, және жатақхана құрылысы секілді жобалар бар. Игі іс әлі де жалғасын табады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

