Қазақстанда ұлттық ит тұқымын сақтау үшін биоматериал мен ДНК банкі құрылуда

Қазақстанда төбет тұқымды иттердің биоматериалдары мен ДНҚ банкі құрылады. Генетика мен физиология институтының мәлімдеуінше, бұл асыл тұқымды иттер жойылып бара жатыр. Банк арқасында болашақта төбеттердің генетикалық материалдарын сақтап қалып, зерттеу үшін қолдануға болады. Тіпті, жаңа ұрпақ алу да мүмкін болады. Ғалымдар қазір тиісті жұмыстарды бастап кетті. Олар қазақы итке байланысты барлық ақпаратқа егжей-тегжейлі зерттеу жүргізбек.

Гүлнұр Жүнісова, Генетика мен физиология институтының бас директоры:
-
Біз бұл ит тұқымының тек биоматериал банкін ғана емес, криобанкін де қалыптастырмақпыз. Биоматериал сақтайтын криобанкте біз бұдан да төмен температура қолданамыз. – 80 емес, -196 градус Цельсий болмақ. Бұндай температура сұйық азоттың арқасында ғана ұсталынады. Бұл криобанкте ДНК және қаннан бөлек, соматикалық жасуша бөлшектері мен жыныстық жасушаларды сақтаймыз.

Қазақтың тағы бір асыл тұқымды иті – тазыға келер болсақ, ғалымдар биоматериалдар мен ДНҚ банкін құру жұмыстарын аяқтады. Зерттеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен ит асыраушылар қатысты. Жүргізілген сараптама нәтижесінде тазы ұстайтын 200 адам генетикалық төлқұжат алды.

Гүлнұр Жүнісова, Генетика мен физиология институтының бас директоры:
-Бұл зерттеулерде Оңтүстік, Солтүстік және Шығыс қазақстанның тазылары қатысты. Себебі, ғалымдар осы тұқымның нақты қай өңірде пайда болғанын анықтамақ. Болашақта еліміздің батыс өңірлеріндегі тазыларды да зерттеу жұмыстарына қатыстыра аламыз деген үміттеміз. Себебі, әр өңірдегі тазылардың бір-бірінен айырмашылықтары болуы мүмкін. Біз үшін барлық өңірдегі тұқымды зерттеу өте маңызды.

Айта кетсек, қазақтың тазысы World Dog Show 2023 әлем чемпионатында бірінші орынды иеленді. Танылмаған ит тұқымдарының сайысында бірден қазақтың екі төртаяқтысы топ жарды.