Қазақстанның ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттары бірлесіп маман дайындайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Сондай-ақ олар студенттердің жұмыстарына рецензия жазып, ғылыми жобаларына жетекшілік етеді. Бастапқы кезеңде кадрлар даярлаудың 500 білім беру бағдарламасы әзірленеді. Бұдан бөлек магистранттар мен докторанттарға, ал оқу орындарының зертханалары институт қызметкерлеріне қолжетімді болады.
«Әзірге соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы ЖОО-да дәріс оқиды. Осы уақытқа дейін олар оқытуға белсенді араласқан жоқ. Десе де қазір қажеттілік бар», – деп атап өтті тиісті ведомство басшысы.
Сондай-ақ 100-ден астам бірлескен диссертациялық кеңес жұмыс істейді. «Е-lab» ақпараттық жүйе құрылады. Ол зерттеушілерге еліміздің қай университетінде қажетті зертхана бар екені туралы ақпарат алуға және олардың техникалық мүмкіндіктерін пайдалануға көмектеседі.
Авторы: Әсел Күшенғалиева