Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, квотаның ең көп бөлігі, нақты айтсақ 932 адамға Павлодар облысына қоныстануға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ қандастар мемлекеттік қолдау арқылы Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына көшіп келе алады. Министрлік қандастарды қолдау үшін қосымша субсидия қаралғанын хабарлады. Көшу шығындарын өтеуге отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем, сондай-ақ бір отбасына 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге шығыстарды жабу үшін 30-айлық есептік көрсеткішке дейін төленеді.
Айта кетейік, өткен жылы 20 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 млн 107 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралған.