Қазақстанда ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы іске қосылды

Қазақстанда ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы іске қосылды

Қазақстанда қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған жаңа цифрлық тұғырнама іске қосылды. Мамандық иесінің деңгейі мен сәйкестігін бұдан былай бірыңғай сандық жұмыспен қамту экожүйесінің құрамдас бөлігіне айналған Career Enbek сайтынан білуге болады. Электрондық алаң арқылы қатысушылар мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпаратқа еркін қол жеткізіп, Ұлттық біліктілік жүйесінің құралдарын пайдалана алады. Оған мамандықтар, білім мен дағдыларға қойылатын талаптар, кәсіби стандарттар және кәсіптер тізімі кіреді. Әзірлеушілер бұл интерфейсті қолдану қиындық тудырмайтынын айтады. Өз мамандығың туралы барлық ақпаратты осы жерден білуге болады.  

 

Дәулет Арғандықов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті:

-Бұл ұлттық біліктілік жүйесінің барлық қатысушыларының өзара әрекеттесуіне арналған цифрлық жүйе. Платформада кез-келген адамға түсінікті қызметтер ұсынылады.  Барлық нормативтік-құқықтық актілер, негізгі ұғымдық терминдер  қолданылады. Ыңғайлы сүзгілердің көмегімен қажетті мамандықтар, кәсіби стандарттар мен қойылатын  талаптар жайында толық ақпарат табуға болады. Сондай-ақ, электронды жүйеде  білім беру бағдарламаларының тізілімі де орналастырылған. Бұл орта кәсіптік және жоғары білімге де қатысты.


Алдағы уақытта әзірлеушілер Career Enbek тұғырнамасының мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңғыртуды көздеп отыр. Осылайша, кәсіптік біліктілікті тану орталықтары арнайы аккредитация, ал тіркелген жұмыссыздар болса, сынақты тегін тапсырып, өзінің біліктілігін біле алады.


Дәулет Арғандықов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті:
-Кәсіптік бағалау сынынан кез келген адам, яғни Қазақстан азаматы өте алады.  Ол үшін жеке электрондық кабинет қарастырылған. Бұл қызметтен ерікті түрде өтеді.  Бұл жаңа жүйе 25 орталықты қамтиды.  Жұмыссыздар үшін ваучерлер қарастырылған. Оларды мемлекет еңбек ұтқырлығы немесе мансап орталықтары арқылы субсидиялайды.