Қазақстанның барлық шекаралық өткізу пунктерінде туристік топтардың сапарын жеңілдету үшін жасыл дәліз режимі енгізіледі. Бұл туралы Үкіметте туризм және спорт министрі мәлімдеді. Ербол Мырзабосынов осы арқылы паспорттық өту уақыты 5 есе қысқаратындығын айтты. Қазір бұл тетік Ресей мен Қырғызстан шекарасында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, ведомство басшысы саяхатшыларға арналған Tax Free жүйесі де еліміздің бірқатар өңірінде сыналғанын жеткізді. Шопинг туризмін дамытуды көздейтін қанатқақты жоба тиімділігін көрсетіп отыр.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Аталған жүйе аясында шетелдік туристерге 4,9 млрд теңгеге тауарлар сатылды. Орташа сату чегі 837 мың теңгені құрады. Бұл әлемдегі үздік 10 елдің қатарындағы көрсеткіш. Жүйені жетілдіру үшін келесідей іс-шараларды жүзеге асыру ұсынылады. «Tax Free» жүйесін пилоттық жүйеден тұрақты жұмыс режиміне ауыстыру мүмкіндігін қарастыру, яғни аталған жүйені еліміздің барлық өңірлерінде енгізу және өтініштерді беру үрдісін цифрландыру.
Енді шетелдік туристердің Neo Nomad Visa-сын алу рәсімі де жеңілдейді. Қазір бұл қызметті көші-қон порталы арқылы қашықтан жүргізудың жолдары қарастырылып жатыр. Мұндай визаның иесі бір жыл бойы Қазақстанда тұрып, туристік әлеуетпен кеңінен таныса алады. Жалпы осы саланың қызметтерін бір цифрлық кеңістікте біріктіру жағы да ойластырылды.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтерілді. Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектіге негізделген көмекші, Яғни туристерге қонақ үйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін қосымша болады.
«Kazakhstan.travel» ұлттық туристік порталында саяхатшыларға арналған қажетті ақпарат 8 тілде жазылған. Сонымен қатар виртуалды 3D турлар мен туристік операторлардың тізімдері жарияланған. Ал елге келген жиғангездер кәсіби гиттердің көмегіне жүгіне алады. Ол үшін «E-Гайдс» бірыңғай цифрлық платформасы әзірленді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

