Қазақстанда цифрлық валюта пайда болуы мүмкін. Еліміз әлем елдерінің 28 орталық банкімен бірге жаңа жүйені ендіру бойынша халықаралық зерттеу тобының жұмысына қатысады. Қазір еліміздің бас қаржы институты сандық төлемдерді әртараптандыруға қатысты арнайы баяндама әзірлеп жатыр. Ол осы жылдың екінші жартысында жарияланбақ.
Жеңіс Ермұқанов, тілші:
- Сандық жүйеге келтірілген ақшаның қолданыс аясы қандай болмақ? Мамандардың айтуынша, ол әмбебап болады. Цифрлық валютаның ең басты артықшылығы – түрлі қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етіп, сандық төлем жүйесінің тиімділігін арттырады.
Мамандардың сөзінше, жаңа жүйе бөлшек және жалпы есеп айырысулар үшін кәдеге жаратылуы мүмкін. Мәселен, банкаралық төлемдер немесе бағалы қағаздар бойынша есеп айырысулар сынды қаржы нарығы үшін пайдаланылуы ықтимал. Жалпы сандық валюта қолданыстағы қолма-қол ақшаға қосымша ретінде қатар жүруі көзделеді. Яғни, қолма-қол және ақшасыз төлемдердің артықшылықтары бір арнаға тоғыстырылады.
БАТЫРБЕК ОМАРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЛОКЧЕЙН ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Цифрлық теңгенің қандай артықшылығы бар? Ол дәл сол қолданыстағы ұлттық валютамыздың қызметін атқарады. Тек сандық жүйеге ауыстырылған баламасы. Ең бастысы оны бақылау, басқару, белгілеуге мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан ол жемқорлыққа қарсы тиімді құралдардың біріне айналады. Себебі, оны жылдам анықтап, тауып алуға болады. Қаржының жұмсалу жолы толықтай онлайн көрсетіледі. Үшіншіден, эмиссиясы. Онымен жұмыс жасау жеңіл әрі тез. Аз уақыттың ішінде кодтап, бірден көрсетсең болғаны.
Айта кетейік, бұл электрондық төлем жүйесі Қытай, Жапония, Канада және Еуропалық Одақ елдерінде қанатқақты жоба ретінде сыналып жатыр. Оны ресми деңгейде енгізу жайын Ресей Федерациясы да қарастыруда.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов