Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы өсуде. Жаңа үйлермен қатар, екінші дәрежелі тұрғын үй құны да қымбаттап жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жаңа тұрғын үй бағасы бір айдың көлемінде шамамен 2 процентке артты. Яғни елімізде бір шаршы метр құны шамамен 7 мың теңгеге қымбаттады, деп атап өтті Бірінші несие бюросының сарапшылары. Пәтердің ең жоғары бағасы Нұр-Сұлтанда тіркелді. Ел астанасында шаршы метр 545 мыңнан астам теңгені құраса, ең төменгі 160 мың теңге Тараз қаласында тіркелді. Қайталама тұрғын үй нарығында жағдай біршама жақсы. Шаршы метр құны тек бір процентке ғана артқан. Бұл 8 айдағы ең төменгі өсім, дейді мамандар. Еске салайық, былтыр және осы жылдың басынан бастап аталмыш пәтерлердің құнымен қатар жалға алу бағасы да рекордты деңгейде өсті. Ал мамыр айында екінші дәрежелі тұрғын үй құны бірден 13 қалада көтерілді. Ең жоғары өсім Өскемен, Қызылорда және Ақтауда байқалады. Ал елордада, керісінше, екінші дәрежелі тұрғын үй бағасы төмендей бастады.