Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші экономика болып табылады. Ел қаржы саласында жетекші орынды берік ұстанып келеді, сонымен қатар ЖІӨ өсімінің перспективасы да мықты. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің баяндамасында айтылған. Зерттеулерге сәйкес, 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ-нің номиналды көлемі 197 миллиард доллардан сәл асып, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның жалпы көлемінен 1,3 есе көп. Сарапшылардың пікірінше, еліміздің мұндай көрсеткішке қол жеткізуі ең алдымен республиканың табиғи ресурстарының мол болуы себеп. Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 12-орында, табиғи газ қоры есебінде 16-орында екнін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар Қазақстан көмір, темір рудасы және басқа да металдарды өндіретін ірі елдердің бірі болып табылады, тіпті, уран өндіруде бірінші орында. Сондай-ақ еліміз бидай экспорттаушы елдердің ондығына кіреді. 2020 жылы әлемдік нарыққа 6 млн тоннадан астам астық саудалап, 8-орынға ие болды. Қазақстанның географиялық орны да маңызды рөл атқарады. Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағын байланыстыратын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы арқылы жүзеге асырылатын және қолданыстағы маршруттар да біздің ел арқылы өтеді.