Бұл туралы Үкімет отырысында министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәжбүрлі шара. Әйтпеген жағдайда мемлекет көп ұзамай отын тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келеді. Жанар-жағармайдың ауқымды бөлігі көршілес елдерге транзиттік көліктермен тасымалданып жатыр. Оның негізгі себебі – Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі. Мысалы, Ресейде дизель отыны 45%-ға, Қырғызстанда 64, ал Өзбекстанда 2 есе, шамамен 100 пайызға қымбат. Ал экономиканың негізгі салаларында нақты тұтыну көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ деді Премьер-министр. Үкімет басшысының айтуынша, Ішкі нарықты қолдау шаралары жалғасын табады. Алдағы көктемгі егіс жұмыстары барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель бөлінеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Нәтижесінде біз жанармай тапшылығына, әсіресе егін жұмыстарын дизель отынымен қамтамасыз етуде елеулі қиындықтарға кезігіп отырмыз. Бүгінде отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде. Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз. Бізде бұдан басқа жол жоқ! Әйтпесе, бір айдан кейін жанармай тапшылығына тап боламыз.