Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған қорға бүгінде 121 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Аймақтардың өтініштерін республикалық бюджет комиссиясы қарады. Сондай-ақ, 94 млрд теңгеге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтау мақұлданған. Бұған қоса жалпы құны 12 млрд теңгені құраған 3 жаңа білім беру ошағының іргесін қалау көзделіп отыр. Айта кетейік, сапалы білім беру жүйесін құру тақырыбын Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өз Жолдауында қозғаған болатын. Президент оқушыларды оқыту үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
Динара Алимова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:
- Премьер-Министр Әлихан Смайылов сыбайлас жемқорлыққа қарсы соттардың нәтижесінде мемлекет иелігіне түсетін қаражатты мектеп салуға беру тетігі бекітілген Үкімет қаулысына қол қойды. Мемлекет басшысы былтыр қыркүйек айында Қазақстан халқына жолдауында осындай тапсырма берген болатын. Осы мақсатта елімізде білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Қосымша қаржыландыру апатты мектептер, үш ауысымда оқыту және оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге септеседі.