Шетелдік өндірушілер аяқ киімдерді тегін таңбалауға дайын

Қытай мен Өзбекстан өндірушілері Қазақстанға импорттайтын аяқ киімдерді тегін таңбалауға дайын. Тауарлардың көп көлемін экспорттау барысында олар арнайы кодты жабыстыруға жұмсалатын барлық шығындарды өз міндеттеріне алмақшы. Бүгінгі таңда Қазақстанда аяқ киім тауарлары айналымының 96% - импортқа тиесілі. Бұл нарықтың дамуына көлеңкелі бизнес айтарлықтай кедергі келтіріп отыр, дейді мамандар. Ал, таңбалау салық төлеуден жалтаратын кәсіпкерлерге тұсау салмақ. 

Қазақстанға аяқ киімнің 50 пайызға жуығы көлеңкелі жолмен жеткізіледі. Яғни әрбір екінші жұп аяқ киім елге заңсыз әкелінеді деген сөз. Олардың басым бөлігі Қытайдан алынады. Салықтан жалтарып, сапасыз өнімдерді сататын кәсіпкерлерді анықтау мақсатында 2 жыл бұрын аяқ киім өнімдерін таңбалау міндеттелді. Бизнесмендерге қолайлы әрі қаражатын үнемдеу үшін Таңбалау мен қадағалау бойынша бірыңғай оператор барлық шетелдік өндірушілермен белсенді келісім жасасып жатыр.

Ерлан Қарабаев, жоба жетекшісі:
-Соңғы екі айда фабрикалармен кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Қытай, Өзбекстан, Түркия тауар өндірушілері тегін таңбалауға ниет танытты. Оның үстіне таңбалау бағасы көп те емес. Шамамен 20-30 теңге. Ал, ел ішінде кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Аяқ киімдерге таңба тағу әсіресе, тұтынушыларға тиімді. Бар болғаны арнайы мобильдік қосымша арқылы белгіні сканерлеп, сапасын, қай елден, қашан жеткізілгенін білуге болады.

Алмат Исмаилов, Тауарларды таңбалау мен қадағалау бірыңғай операторының жобалық кеңсесінің басқарушы директоры:
-Импорттаушы немесе өндіруші аяқ киімге цифрлық таңба енгізеді. Бұл код арқылы тұтынушы тауар туралы толық ақпарат алады. Мәселен, аяқ киім таза былғарыдан ба, жоқ па біле алады. Бір сөзбен бұл – аяқ киімнің өндірілген уақытынан бастап, айналымға шыққанға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстанда саудаланатын аяқ киімдердің 96 пайызы импорт. Міндетті таңбалау енгізілгеннен бері Қазақстанға аяқ киімнің ресми импорты биыл 35 млннан астам жұпқа жетіп, 36 пайызға өскен. Қазіргі таңда Үкімет таңбалау талабын орындамағандарға қолдынылатын айыппұл көлемін белгілеп жатыр. Одан кейін цифрлық коды жоқ аяқ киімдерді айналымға шығаруға тыйым салынады.