Әлемдік рейтингте 1 млн тұрғынға шаққанда Қазақстан сырқаттанушылық бойынша 108-ші, өлім-жітім бойынша 222, ел ішінде 102-ші орында тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Сондай-ақ министр қазіргі жағдай бойынша Ақмола облысы «сарыдан» «қызыл» аймаққа өткенін айтты.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүгінгі таңда Ақмола облысы «қызыл» аймақта тұр. 5 өңір «сары», 11 өңір «жасыл» аймақта орналасқан. Республикада сауыққан адамдардың саны ауырған адамдардан басым. Мәселен, қараша айын қазан айымен салыстырсақ, сауыққан адамдардың саны ауырғандардан 1,6 есе көп. Инфекциялық төсектер 24%, реанимациялық төсектер 21% толы. Емдеуді жалғастырушылар санының азаюы бойынша оң динамика байқалады. Соңғы үш айда науқастар саны 84 268-ден 22 353 науқасқа дейін, яғни 3,7 есе қысқарған. Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда.
Сонымен қатар министр омикрон штамының жаңа нұсқасының пайда болуына байланысты Алматы қаласында оған тән мутация болуының алдын алатын ПТР скринингі жүргізілгенін айтты. «Омикрон штамы анықталған жоқ, алайда еліміздің барлық өңірінде алынған оң сынамалардың үлгілерін толық геномдық секвенирлеу жұмыстары жалғасуда», – деді ол. Сондай-ақ елімізде ревакцинациялау тактикасы қайта қаралды. 8 желтоқсаннан бастап 6 айдан кейін вакцинацияны екі дозамен аяқтаған барлық адам, сондай-ақ коронавирус инфекциясымен ауырғандар ревакцинацияланады. Бүгінгі күні ревакцинациямен 44 702 адам қамтылды.
Авторы: Ақзер Сегізбай