Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлімдеді. Жиында министрлер кабинеті мүшелері Мемлекет басшысының 8-ші шақырылым Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылады. Бұл үшін арнайы кешенді шаралар жоспары бекітілді. Ол 8 бағытты қамтиды. Әлібек Қуантыровтың басқаруындағы ведомства шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, соның ішінде орта кәсіпкерлікті ынталандыру жөніндегі шараларды жүзеге асырмақ. Сондай-ақ, салық саясатының жаңа моделі пысықталып, саладағы әкімшілендіруді оңайлату және цифрландыру шаралары қабылданады. Сонымен қатар ұлттық экономика министрі елімізде газдың сараланған тарифі енгізілетінін мәлімдеді. Бұл көгілдір отынның әлеуметтік әділ құнын белгілеуге ықпал етеді деді министр.
Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика министрі:
- Ірі коммерциялық кәсіпорындарға сараланған тарифтерді енгізу, халық үшін көтерме бағалардың өңірлік айырмашылығын қысқарту және тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифтерді енгізу шаралары ұсынылады. Бұл өз кезегінде газды үнемді пайдалануға, ішкі тұтыну көлемінің тапшылығын азайтуға және газдың әлеуметтік әділ құнын белгілеуге ықпал етеді.