Қазақстанда сапалы интернетпен қамту жұмысы қарқынды түрде жалғасады

2027 жылға қарай Қазақстанның 25 мың шақырымға жуық автожолы тұрақты әрі сапалы интернетпен қамтылады. Ол үшін елдің негізгі күре жолдарының бойынан 500 тарта антена-діңгектер орнатылмақ. Бұған қазынадан 60 млрд теңгеден артық қаржы бағытталады. Биыл жобалау аяқталып, келер жылы  құрылысы басталады. Осылайша, елдің логистикасы мен көлік ағындарын тиімді басқаруды сандық жүйеге келтірудің негізі құрылмақ дейді, салалық министрлік өкілдері.

Ержан Мейрамов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитетінің төрағасы:

– Мобильдік операторлар ол жерге арнайы базалық станцияларын орнатады. Жалпы мұндағы мобильдік операторлардың бюджеті құрылғылар орнату үшін шамамен 30 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылады. 

Сонымен қатар, мамандар жаңа оқу жылына дейін елдегі 2 мыңға жуық мектеп Starlink технологиясымен жерсеріктік интернетке қосылатынын айтады. Бұл негізінен ғаламтор желісіне шыға алмай отырған шалғайдағы ауылдардағы білім ұялары. Сондай-ақ, бұл тың әдісті интернет қолжетімсіз өзге де салаларға ендіру жоспарланған. 

Ержан Мейрамов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитетінің төрағасы:

– Осы 70 терминалды елде Төтенше жағдайлар министрлігі қолданады деген шешімге келдік. Мобильдік операторлар осы Starlink-ті көлік бағытында қолдану үшін тағы бір техникалық шешім табудамыз. Жалпы айтқан кезде Starlink-тің абонент терминалын барлық салада да қолдануға болады. Мәселен, арнайы теміржол үшін немесе автокөлік үшін қолданылатын терминалдар бар. 

Сондай-ақ, министрлік «ақ дақтар», яғни байланыс сапасы төмен жерлерді жоюға ден қояды. Мәселен бүгінде елорданың өзіндегі мұндай 67 жердің 52-сі қалпына келтірілді. Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірлерінде де жүргізілетін болады.