Қазақстанда цифрлық құжаттардың рөлін арттыруға бағытталған арнайы заң жобасы қабылданады. Бүгін Парламент Мәжілісінде инновацияны ынталандыру, цифрландыруды дамыту және ақпараттық қауіпсіздік туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты ведомство басшысы Бағдат Мусин таныстырды. Оның айтуынша негізгі құжаттардан бөлек, туу туралы куәлік, неке қию және бұзу туралы куәлік электронды форматқа көшеді. Осылайша қазақстандықтар QR-код арқылы құжатты басып шығара алады. Немесе, электронды нұсқаны көрсетеді. Ал жоғалған жағдайда оның көшірмесін сұратуға қажеттілік болмайды. Сондай-ақ министр жеке куәліктің немесе басқа бір құжаттың фотосы цифрлық құжат болып есептелмейтінін айтты.
Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі:
– «Цифрлық құжат- ол ең алдымен тексерілу механизмі бар құжат. Яғни, цифрлық құжат eGov-Mobile қосымшасын әлде басқа банктердің қосымшасында өзіңіздің цифрлық құжатыңызды жүктеп, QR-кодты басып, басқа біреуге көрсете аласыз. Смартфоннан цирлық құжаттың ресми құжат екенін дәлелдей аласыз. Цифрлық құжаттың шынайылығын QR-код арқылы ғана растайды.
Заң жобасы барлық мемлекеттік басқаруды трансформациялауға бағытталған. Министрдің пайымынша, электронды қызмет барлық қазақстандыққа қолжетімді болып, оның тұрғылықты жеріне әсер етпеуі тиіс. Яғни заң жобасында интернеті нашар ауылдық жерлерде цифрлық нүктелерді орнату қарастырылған. Және ол екі мың ауылдық округтегі ұлттық пошта операторының базасында ашылады. Осылайша ауылдықтар да мемлекеттік органдарға электронды өтініштерін жіберуге мүмкінік алады.
Автор: Дулат Нуркин