Бөгенбай батырдың дулығасы елордадағы әскери-тарихи мұражай төрінен орын тепті. Бұған дейін жәдігер даңқты батырдың жетінші ұрпағы Жабай Кенжалиннің қолында сақталып келген. Енді ол салтанатты түрде мұражай қорына тапсырылды. Мамандардың айтуынша, ерлік пен елжандылықтың көзі болған көне жәдігер ерекше тарихи құндылыққа ие.
Қазақтың ұлы қолбасшысы үш жүздің әскерін басқарып, халқымыздың егемендігі үшін күрескені баршаға аян. Сондықтан іс-шараның ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналып отырғаны кездейсоқ емес.
Айта кетейік, батыр қайтыс болғаннан кейін жеке қару-жарағының кейбір заттары үш ғасыр бойы оның отбасында қасиетті жәдігер ретінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келген. Енді белгілі тұлғаның бас киімін әрбір қазақстандық көре алады.
Марат Нағыманов, «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:
- Бұл бүкіл Қазақстан халқы, әсіресе жас ұрпақ үшін өте маңызды. Оның Отан үшін жасаған барлық ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі. Біз ата-бабаларымыздың, батырларымыздың еңбегін әрқашан есте сақтауымыз керек. Осылайша бүгін тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлап жатқан біз, 3000 жылға ұмтылуымыз керек. «Мәңгілік ел» – өте жақсы идея. Осы мақсатта бәріміз еңбек етуіміз керек.