Қазақстанда платформалық жұмыспен қамтылған азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қосу көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде жарты миллионға жуық адам түрлі бағыттағы онлайн-жүйеде жұмыс істейді. Негізінен ол туристік порталдар, такси және тамақ жеткізу қызметтері. Бұл халық үшін ыңғайлы табыс көзі болғанымен оныңда басты кемшілігі де бар. Бар гәп әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бұны ескерген бейінді ведомство осы қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту бойынша арнайы жоба әзірледі. Оның аясында еңбек министрлігі елімізде жұмыс істейтін 8 негізгі онлайн-платформа операторларымен бірге талдау жүргізеді. Оның нәтижелері жыл соңына дейін ұсынылады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Біз операторлармен бірлесіп анықтайтын шаралар бүгін істеп тұрған тіркеу жүйесін күрделендірмейді, яғни адамдарға жұмысқа тұру үшін кедергі тудырып, әуреге салмайды. Яғни, бұл үрдіс оңтайландырылады. Бұл тәсіл одан әрі азаматтардың басқа санаттарына да таралады. Бұл жеңілдетілген тіркеу болуы тиіс. Тіркелудің қосымша түрлері болмауы керек. Бүгінде бірыңғай әлеуметтік төлем жүйесі сияқты салық салудың жеңілдетілген режимі және әлеуметтік төлемдердің жеңілдетілген түрін ендіру көзделіп отыр.