Соңғы бір жылда алаңда тіркелген 400 жаңа IT-компанияның екі жүзі шетелдік. Astana Hub резиденттерінің жалпы саны мыңға жетіп, жылдық жиынтық табысы 200 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Халықаралық технопарктің бас директоры Мағжан Мәдиев мәлімдеді. Ол компаниялардың IT өнімдері негізінен әлемдік нарыққа шығуға бағытталғанын атап өтті. Бүгінде 2025 жылға қарай отандық ІТ экспортының үлесін ақшалай түрде 500 млн долларға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Осылайша, технопарк арнайы акселерациялық бағдарламасын әзірледі. 2022 жылы бағдарламадан 35 стартап жоба өтті.
Мағжан Мәдиев, «Astana hub» халықаралық технопаркінің бас директоры:
- Бізде Ресей, Қырғызстан, Украина, Моңғолия, Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, тағы басқа елдердің компаниялары бар. АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея, Сингапур елдерінің де компаниялары бар, 1000 кәсіпорынның 800-ге жуығы қазақстандық компаниялар. Олар негізінен әртүрлі халықаралық нарықтарда, негізінен Солтүстік Америкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және т.б. жұмыс істейді.
Astana Hub IT саласын дамыту мақсатында кадрларды даярлауға да атсалысады. Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай кем дегенде жүз мың маман даярлауды тапсырды. Ал, олардың бестен бірі халықаралық технопарк базасында әзірленген TechOrda (текОрда) бағдарламасы бойынша білім алып, біліктілігін арттырады.
Мағжан Мәдиев, «Astana hub» халықаралық технопаркінің бас директоры:
- IT мектептерде білім алу үшін үш мың оқушыға 600 мың теңгеден қаражат беріледі. Биыл 3068 студент оқуды бастап кетті. Келесі жылы жоспар бойынша 4000, одан кейін 5000 студентті оқыту жоспарда бар. Жалпы 4 жылдың ішінде жиырма мың маманға қолдау көрскту міндеті тұр.