Ұлытау төрінде Ұлттық Құрылтай жиналды. Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган құрамына 117 адам кірді. Жаңа институт Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастырып, билік пен халық арасындағы дәнекер қызметін атқарады. Ұлттық Құрылтай - «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыру жолындағы дәйекті жұмыстың жалғасы. Ол елдің даму болашағы талқыланатын алаңға айналуы тиіс, дейді сарапшылар.
Жамаладен Ибрагимов, тарихшы:
– Кей азаматтарымыз егемендік алған кезде қандастарымызды атажұртқа шақыра бастағанда өткен құрылтаймен шатастырады. Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың форматы бөлек, заманауи. Миссиясы - қоғамдағы мәселелер мен міндеттер туралы мемлекет басшысына, халыққа жеткізу. Жалпы, елдегі өзгерістер аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының Ұлытауда өтуінің символдық мәні бар.