Қазақстанда ойын бизнесіне шектеу күшейтіледі

Қазақстанда ойын бизнесіне шектеу күшейеді. Енді 21 жасқа толмаған жасөспірімдер ойындарға бәс тіге алмайды. Одан бөлек, қатаң тыйым мемлекеттік қызметшілер мен әскерилерге енгізіледі. Соңғылары үшін аталған талап сыбайлас жемқорлыққа байланысты шектеулер тізімінде. Сонымен қатар, елімізде лудомандарды емдеудің жаңа тәртібі белгіленеді. Ол үшін, тіпті, ешкімді есепке тіркеудің қажеті жоқ. Құмар ойындарға тәуелді жандарға тұрақты түрде консультативтік және тегін медициналдық көмек көрсетіледі. Осы және өзге де түзетулер ойын бизнесі және лотерея туралы заңға түзетулерде қарастырылды. Бұл туралы Астанада өткен брифингте туризм және спорт министрінің орынбасары баяндады. Мирас  Төлебаевтың айтуынша, заң жобасында 150 түзету, 8 кодекс пен 14 заң болады. Министрлік өкілінің айтуынша, құжаттың негізгі бөлігі ретінде, букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамасына және смс арқылы азматтарға хабарлама жіберуіне салынатын тыйым болмақ. Енді заң бойынша лотерея билеттерін сатуға да көп шектеу қойылды. Мәселен,  тұрғын үйлерде, мәдениет, білім және денсаулық сақтау мекемелерінде сатуға болмайды. Сонымен қатар, мұндай  дүңгіршектер мектеп, университет, аурухана мен емханалардан 100 метр ара қашықтықта орналасуы тиіс.

 

Мирас Төлебаев, ҚР туризм және спорт министрінің орынбасары:

 

– Заңмен бірге, 31 мамырда Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және еліміздегі лудоманияның кең таралуына қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл жоспар заң талаптарына толықтай сәйкес келеді әрі алдын алу шараларын жүргізуге бағытталған. Оны жүзеге асыру кезінде нақты индикаторлар белгіленді. Нақтырақ айтсақ, букмекерлік кеңселер мен ойынханалардың белсенді клиенттерінің саны жартылай, 42% азаюы. Тегін медициналық оңалтумен қамтылатын лудомандардың санын жылына 500 адамға дейін көбейту. Одан бөлек, бір жылда 7 мыңға жуық онлайн-казино мен букмекерлік кеңселердің сайтын бұғаттау. Осы орайда барлығы 28 шараны қолға алмақпыз.