Қазақстанда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі артады. Бұл мақсатқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша 70 млрд теңге жұмсауға ниетті. Осылайша отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бюджеттік несиелендірудің жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында жауапты сала министрінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров хабарлады. Оның айтуынша, қосымша қаражаттың көмегімен 1 300-ге жуық шаруашылық қолжетімді несиелендірумен қамтылады. Жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында. Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов экспортқа бағдарланған тиімділігі жоғары дақылдарды егуге, ал шаруаларға дақылдар алаңын ұлғайтуға ерекше назар аудару керектігін атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өздеріңізге мәлім, қазір бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс күн санап артып келеді. Сұранысқа сай оның бағасы да қымбаттап барады. Сондықтан ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, оның экспорттық әлеуетін де арттыру аса маңызды. Осы тұрғыда көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу керек. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзекті мәселе. Өз кезегінде Үкімет науқандық жұмыстарды қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шешімді қабылдады.
Авторы: Ақзер Сегізбай