Қазақстанда тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде 2 мыңға жуық мектеп салынды. 2025 жылға дейін тағы мың нысанның құрылысы жоспарлануда. Оның 100-ден астамы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) жобасы аясында бой көтерді. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл елімізде 200-ден астам жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Біз әкімдіктермен бірге көше мен елді мекенді, құрылысқа орын бөлінетін жерді, қай жылдары қандай мектеп салынатынын белгілеп шықтық. Әкімдіктер желтоқсан айынан бастап тиісті құжаттарды дайындауға кірісіп, сол жоспар бойынша қатаң түрде жаңа нысандардың құрылысын қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстан бойынша 101 мектеп және МЖӘ жобасы бойынша құрылысқа 31 шарт жасалды. Жұмыстар қазір түрлі кезеңде.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі мектеп құрылысының қарқынды түрде белең алуы оқушылар санының жыл сайын артуына байланысты. Мысалы, биыл 150 мың түлек мектеп бітірсе, бірінші сыныпқа 400 мыңға жуық бала қабылданған. Осылайша 2025 жылға қарай елімізде 1 миллионға дейін қосымша жаңа оқу орнына қажеттілік туындауы мүмкін. Бұл мәселені болдырмау үшін Мемлекет басшысы тапсырма берді. Сонымен қатар МЖӘ жобаларының жаңа форматы әзірленіп, іске қосылды.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Тәуелсіздік жылдары елімізде МЖӘ жобасы аясында небәрі 4 мектеп салынған. Бұл әрине, өте аз көрсеткіш. Өткен жылы біз бұл мәселені жан-жақты зерттедік. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласымен бірлесіп, білім беру саласындағы МЖӘ жобасының жаңа тетігін әзірледік. Басты мақсатымыз – аталған жобаларды мүмкіндігінше аз уақыт ішінде салу, сондай-ақ құжат айналымының санын қысқарту. Сонымен қатар біз екі компонент енгіздік.
МЖӘ жобасының жаңа форматы аясында отандық және шетелдік инвесторлар мен құрылысшылар тартылады. Білім беру жағы мемлекетте қалса, нысанды техникалық пайлану жеке серіктеске жүктеледі. МЖӘ шартының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мектеп коммуналдық меншікке беріледі. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл жергілікті бюджетке деген сұранысты азайтады.
Авторы: Ақзер Сегізбай