Қазақстанда тұңғыш рет мұнай-газ кен орындарында барлау мен өндіру құқығына арналған онлайн аукцион өтеді. Бәссауда 23 желтоқсанда мемлекеттік мүлік тізілімі порталында ұйымдастырылады.
Жалпы 7 учаске бойынша сатылым жоспарланған. Онлайн аукциондар сервисі күзде іске қосылған. Онда кен орындары туралы толық ақпаратты қамтитын интерактивті карта барлығына қолжетімді. Аукционға қатысу үшін әлеуетті инвестор онлайн-өтінім беруі керек. Ал сатылым барысын виртуалды зал арқылы көруге болады.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, жаңа тетік аукционның ашықтығын қамтамасыз етіп, бизнес және мемлекет шығындарын айтарлықтай қысқартады.