Қазақстанда белгіленген шамадан тыс зиянды шығарындылар үшін айыппұл көлемі ұлғайтылды

Ластаушы төлейді! Бұл жаңартылған экологиялық кодекске енгізілген норма. Қазақстанда қоршаған ортаға белгіленген шамадан тыс зиянды шығындылар бөлетін көліктер үшін салынатын айыппұл көлемі ұлғайтылды. Талапқа сай келмейтін темір тұлпар иесіне салынатын айыппұл 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ал заңды тұлғалар 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтеуге міндеттеледі. Бұл шамамен 300 000 теңге. Бір жылдың ішінде қайталанатын болса, айыппұл көлемі екі есеге өседі.

ӘСЕЛ МҰХАМЕТЖАНОВА, ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - Бұл норма әлі заңды күшіне енген жоқ. Әлі қолданылмайды. Осы талап 2021 жылдың 1-ші шілдесінен бастап қана заңды күшіне енеді. Ал қазіргі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ережені бұзғаны үшін жеке тұлғаға салынатын айыппұл 2 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Қайталанса, оның көлемі еселенеді.

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

 - Ал қандай көліктер нормаға сай келмей қалуы мүмкін? Ол техникалық мамандарға қойылатын сауал. Әр көлік міндетті түрде жоспарлы техникалық тексерістен өтуі тиіс. Ол жерде оның қоршаған ортаны қаншалықты ластайтыны анықталады. Бұл орайда қолданыс мерзімі үлкен ескі көлік иелеріне ауыр соғуы мүмкін.  

Зиянды шығындылардың бөлінуі жанар-жағармайға да тікелей қатысты. Бұл жағын техникалық тексерістің диагностикалық картасын жасап беретін маман анықтайды. Бұл үрдіс барынша ашық болуы тиіс. Өйткені әр көліктің сәйкестігін тиісінше бағалап, зиянды шығындарын есептеу аса оңай шаруа  емес.

ӘСЕЛ МҰХАМЕТЖАНОВА, ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - Қазіргі таңда біз ірі кәсіпорындарды жылына бір рет қана жоспарлы түрде тексере аламыз. Сол уақытта белгіленген барлық талаптардың ескерілуі тексеріледі. Сәйкесінше, ондағы көлік цехының зиянды шығындылар нормасын анықтаймыз. Ал жеке тұлғалар өздеріне тиесілі көліктерін ерікті түрде техникалық тексерістен өткізеді. Бұл жағы олардың жаупкершілігіне байланысты.

Мамандар зиянды шығындылардың белгіленген талапқа сайлығын арнайы құрылғылар арқылы анықтайды. Негізінен «Автотест», «Мета-01» сынды газ көлемін есептейтін құрылғылар қолданылады. Қазақстандық жүргізушілердің жаңашылдыққа қатысты пікірлері әр түрлі. Біреулері қоршаған ортаны ластау көрсеткіші төмендейді деп қуанышын білдіріп жатса, енді біреулері үйренген ескі көліктерін ауыстырмаймыз, жаңасын қалта көтермейді дегенді айтады.

САУАЛНАМА:

 - Енді штраф болғаны дұрыс қой. Штраф болмаса қала таза болмайды. Ол үшін штраф салу керек. Былай айтқанға адам негізі көнбейді.

 - Әрине, технологиялар бір орында тұрмайтыны түсінікті. Алайда барлық нормаларға сәйкес келетіндей, жаңа машинаны сатып алатындай адамдардың бәрінің бірдей қалтасы көтермейтінін де ескеру керек. Менің көлігім еуро-4 стандартында. Ал қазіргі талап еуро-6.        

Ескі көлігінен айырылмай-ақ, белгіленген талаптарға сай келудің жолдары бар. Мамандар ол үшін темір тұлпарды зиянды шығындылар көлемін азайтатын арнайы құрылғылармен жабдықтауға кеңес береді. Айыппұлдан сақтайтын қосалқы жабдықтарды алғашқы жарты жылдың ішінде орнатқан абзал. Тиісті заң алдағы жазда ғана күшіне енеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов