Осы аралықта өзара алыс-беріс, барыс-келіс бір үзілмеді. Бүгінде кәрі құрлық одағы еліміздің ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің көш басында келеді. Ынтымақ құрылғалы ел экономикасына 160 млрд доллардан астам еуропалық капитал құйылды және бұл қаржы ағыны әлі толастар емес. Тауар айналымы алғашқы саудадан 180 есе артты. Қазір де бұл көрсеткіш қарқын алып, сыртқы саудамыздың үштен бірі Еуропалық Одақ үлесіне тиесілі болды.
Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:
- Біздің достық байланысымыз дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан кейін бірден басталды. 1995-ші жылы ынтымақтастық пен серіктестік туралы шартқа қол қойылды. Бұл тарихи құжат Еуропалық инвестициялар, әріптестік, өзара сауда жасасуға жол ашқан негізгі шарт болды. Яғни, ынтымақтастықтың іргесін қалады. Араға он жыл салып тараптар кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Экономика мен әлеуметтік бағыттың 29 саласын қамтитын келісім қазір толықтай күшіне еніп, әлеуеті кеңейіп келеді. Бұл құжатта ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болды.
Қазіргі уақытта ел аумағында еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңға тарта компания кәсібін сәтті дөңгелетіп келеді. Бірлескен жобалар сауда және көлік логистикасы, кәсіби, ғылыми және техникалық салаларда, бұдан қалды қаржылық және сақтандыру қызметінде жүзеге асырылуда. Қос тарап барлық дерлік бағытта тиімді әріптестік орнатқан.
Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:
- Ынтымақтастық орнаған 30 жылдың ішінде Еуропалық Одақ елдері 77 млрд долларға жуық инвестиция салды, бұл Қазақстанға келген барлық инвестициялардың 50%-ін құрайды. Тек өткен жылы біздің одаққа мүше елдер шамамен 800 млн доллар инвестиция құйды. Менің ойымша, алдағы бірнеше жыл ішінде біздің қазба байлықтары туралы, «Жасыл» сутегі және «жасыл» энергетикаға инвестиция тарту бойынша жасалған келісімдер аясында бұл көрсеткіштер одан әрі де айтарлықтай өсетініне сенімдімін.
Бұл ретте, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы берік қарым-қатынас тек сауда және инвестициялық әріптестікке ғана негізделмегенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, достық байланыс мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың арқасында да нығайып келеді. Осы орайда атаулы датаға орай елімізде бірқатар мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.