Қазақстанда мобильдік төлемдер мен аударымдар заңнамалық деңгейде реттеледі. Парламенттің төменгі палатасының жалпы отырысында еліміздің Салық кодексіне енгізілген жаңа түзетулер туралы айтылды. Мәжілісмендер соңғы уақытта отандық кәсіпкерлер электронды төлемдерді тауарлар немесе қызметтер үшін ақы ретінде белсенді түрде қолданып жүргендерін айтады. Осы жылдың 8 айында ғана елдегі банктердің мобильдік қосымшаларының көмегімен қазақстандықтар 43 трлн теңгеден астам қаржы аударған. Бизнестегі көлеңкелі айналымдарға тұсау салу қамында депутаттар заң жобасына енгізілген жаңашылдықтарды бірінші оқылымда мақұлдады. Олар кәсіпкерлердің салық төлеу тәртібін оңтайландыру үшін ғана емес, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Сергей Симонов, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында «Мобильдік төлемдер деген не?» сынды ұғымды нақтылап енгізуге тырыстық. Бұл – Салық кодексіне енгізілетін төлем нысандарының бірі. Өйткені бізде тек екі төлем нысаны қарастырылған: қолма-қол ақша және пост-терминалдар арқылы карталық аударымдар. Бұл тауарлар және қызмет көрсету кезінде фискалдық чекті міндетті түрде ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
Заң қабылданғаннан кейін екінші деңгейлі қаржы институттары өз қызмет түрлерін қаржы өнімдерін жақсартуға бағыттауы тиіс екенін айта кету керек. Бұл бизнес жүргізу үшін қолма-қол есеп айырысу мен шоттарды бөлу, мобильді аударымдармен төлеу кезінде чек беру рәсімін жетілдіру және жалпы мобильді қосымшаларды жаңғырту. Енді жүйеде «аударымнан» басқа «төлем» деген жол пайда болуы керек.
Марат Сұлтанғазиев, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Егер «аударымдар» болса, олар туыстар арасында жүзеге асырылады. Талқылағанымыздай «төлем» тауарлар, жұмыс және қызметтер үшін есеп айырысу кезінде қолданылуы тиіс. Осы қызметтердің құнын өтеген кезде «төлем» белгісін қалдыруыңыз керек. Төлемдердің осы түрлері бойынша бізде салық органдары ақпарат алмасып, екінші деңгейдегі банктерден мәлімет алатын болады.
«Бұл – кәсіпкерлер үшін салықтың жаңа түрі енгізіледі деген сөз емес», – дейді Мәжіліс депуттаттары. Төлем жасау мерзімдері және есеп беру тәртібі өзгеріссіз қалады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов