Елордада жалпы құны 2,2 млрд доллардан асатын 31 инвестициялық келісім және 6 коммерциялық емес құжатқа қол қойылды. Бұл жаңа жобалар Қазақстанның агроөндірістік кешені, денсаулық сақтау, машина жасау және энергетика сынды басым экономикалық салаларын жетілдіруге бағытталмақ. Бас шаһарда бас қосқан кезекті инвесторлар кездесуінде осындай нәтижеге қол жетті. Дәстүрлі жиынға 50-ден астам елден оффлайн 400 және онлайн 1000-нан астам сала мамандары, ірі инвесторлар мен әлемдік сарапшылар қатысты. Барлығының ойы «Қазақстан – қаржы құю үшін аса қолайлы мекен» дегенге саяды. Сөздерінің жаны бар. Бүгінде еліміз шетелдік инвестиция тарту бойынша ТМД арасында көш бастап келеді. Тәуелсіздік жылдарында экономикаға 380 млрд доллар инвестиция салынған. Әлеуетті барынша кәдеге жарату үшін инвесторларды қолдаудың заманауи тетіктері енгізілуде. Мәселен, биылдан бастап ел аумағында ұзақ уақыт тұрақты жұмыс істеуге кепіл болатын жаңа инвестициялық келісім ережелері енгізілген.
Қуат Жолдыбеков, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ департамент директоры:
- Бұл келісімде инвесторлардың Қазақстанда қандай шарттармен жұмыс істейтіні, қанша жұмыс орнын жаңадан ашатыны, оларға мемлекеттен қандай көмек болатыны айқындалады. Келісімшарт жасалған соң, 25 жылға дейін оның жалпы ережелері сақталатын болады.
Оғызхан Челик, инвестор, /Түркия/:
- Алдағы екі жыл ішінде жаңа зауыт салып, Қазақстанда ламинатталған ДСП шығаруды жоспарлап отырмыз. Оның өндірістік қуаты жылына 60 мың текше метрге жуық өнім шығаруға қауқарлы болады. Бұл 25 млн доллардың импортын алмастыруға жетеді, яғни елдегі ЛДСП қажеттілігінің 30% қамтиды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов