Елдегі бүлік салдарынан шағын және орта бизнеске келген шығын көлемі 104 млрд теңгені құрады. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді. Қазақстанның 11 облысында зардап шеккен 1615 субъект тіркелді, ең көп Алматы қаласының кәсіпкерлері зардап шекті. Мұнда 1500-ден астам шығынға ұшыраған бизнесмен тіркелді. Көптеген кәсіпкер полиция қызметкерлері келтірілген шығынды тіркеуге алған соң, бутиктерін, дүкендерін және басқа да нысандарын қалпына келтіруге кірісті.
Сергей Иванов, сауда үйінің директоры:
- Көріп отырғандарыңыздай, терезелерде, витрина шыныларын қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Бар күшімізді саламыз. Әркімнің жанұясы бар. Қарыздары мен несиелері де бар. Оның барлығын өтеу керек. Сондықтан мемлекеттік органдардың рұқсатымен кәсіпкерлер өз жұмысына кірісу керек. Міне, алдымызда осы міндет тұр. Қазіргі таңда келтірілген залалдарды бейнежазбаға түсіріп алдық. Бұл бізге тазалау жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіруді жалғастыруға мүмкіндік береді.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы шығынды бағалау ережесіне сәйкес, бизнесмендер infokazakhstan.kz сайтына кіріп, фото және бейнежазбасы бар өтініш қалдыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар келтірілген зиянның мөлшерін көрсету керек. Содан кейін ғана бағалаушылармен комиссия оларға барады.
Максим Барышев, Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы:
- Бұл – Қазақстанның бағалаушылар палатасының лицензиясы бар ресми мамандар. Қазіргі таңда сарапшылардың бағалау әдістемесі бар. Өз кезегінде бұл әдіс Украина мен Қырғызстанда осындай тәртіпсіздіктер кезінде қолданылған. Қаржылық шығын расталған соң, аталған кәсіпкерлерге барлық қажетті құжат ұсынылғаннан кейін қаржы сомасы қордан өтеледі.
Ал зардап шеккен бизнесті қолдау үшін қорға миллиард теңгеге жуық қаржы түсті. Қор қазақстандық кәсіпкерлердің бастамасымен ашылды. «Атамекен» Ұлттық палатасы бұл жұмысқа кез келген адам қатыса алатынын хабарлады. Ақша қозғалысы туралы барлық дерек қоғамдық доменде жарияланады. Өз кезегінде қордың бақылау кеңесі құрамында 30 кәсіпкер бар, әр соманың тең бөлінуін жіті қадағалап отыратын болады.