Қазақстанда жаңа
форматтағы мерзімді әскери қызметтің SARBAZ+ пилоттық жобасы іске асырылуда.
Бағдарлама әскери қызметшілерді даярлау сапасын арттыруға және заманауи
технологияларды күнделікті әскер өміріне кіріктіруге бағытталған. Осы күзде 150 әскерге шақырылушы
жаңа үлгі бойынша қызмет атқара бастайды. Әрбір әскери қызметшіге
фитнес-білезік беріледі. Ол нақты
уақыттағы биометриялық көрсеткіштерді бақылайды. Деректер медициналық мамандар
мен командирлерге қолжетімді орталықтандырылған мониторинг жүйесіне келіп
түседі. Бұл жеке құрамның денсаулық жағдайын тұрақты бақылауды қамтамасыз
етеді. Бейне талдау жүйесі де енгізілуде. Жоба аясында телекоммуникация және IT
саласында базалық оқыту бағдарламалары көзделген. Оған қоса ұшқышсыз ұшатын
құрылғылар мен радиобайланысты пайдалану негіздеріне оқыту жоспарланған.
Қосымша қазақ және ағылшын тілдерінде сабақтар ұйымдастырылады. SARBAZ +
бағдарламасы мерзімді қызмет сарбаздарына ғана әсер етпейді. Бөлімнің офицерлік
және сержанттық құрамы да желілік технологиялар саласындағы халықаралық
бағдарлама бойынша біліктілігін арттыра алады. Жоба сәтті іске асырылған
жағдайда оны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да бөлімшелеріне
кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

