Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 90% қалпына келтіріледі. Бұл жаңғырту жұмыстары өңірлердегі күре жолдардың 80% қатысты болмақ.
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев арнайы брифинг барысында осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл көлік қатынауын жақсарту қамында құрылыс жұмыстарымен 8,5 мың шақырымға жуық жол қамтылған. Биыл бұл бағытта 15 ірі жоба жүзеге асырылады. Жылдың соңына дейін Қарағанды-Балқаш-Бұрылбайтал-Құрты-Қапшағай, сондай-ақ Талдықорған-Өскемен сынды маңызды бағыттағы жолдар қолданысқа берілуі тиіс.
Бұдан бөлек, 2021 жылы Үшарал-Достық бағыты қайта жаңғыртылады. Бұл – Алакөл туристік аймағына саяхатшылардың қатынауы жақсара түседі деген сөз.
Сонымен қатар батыс өңірде Ақтөбе-Атырау-Астрахань дәлізін жаңарту жұмыстары қарқын алып, тәмамдалуға жақын. Бұған дейін ақтөбеліктерге Атырауға жету үшін Орал арқылы 500 шақырымды айналып өту керек еді. Сондай-ақ вице-министр алдағы айда Алматы қаласында Алтын Орда ауданындағы жолды жаңадан төсеу жұмыстары аяқталатынын жеткізді.
Берік Камалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:
- Құрылыс жұмыстары автомобиль жолының барлық дерлік бағыты бойынша жүргізілуде. Биыл біз Қандыағаш-Мақат учаскесін қолданысқа беріп, аталмыш дәліздің бойында көлік қатынауын жандандырамыз. 2023-2024 жылдары толықтай тапсыру көзделген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов