Қазақстанда денсаулық сақтау ұйымдары медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндеттелмек. Мәжіліс осыны көзейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта оның оңтайлы тетігі ретінде АҚШ, Германия, Жапония және Түркия тәжірибесіндегі сақтандырудың бейімделген нарықтық моделі ұсынылып отыр. Бұл жүйе ең алдымен еліміздегі медициналық көмектің сапасын арттыруға жол ашады. Мәселен, заң қабылданса, туындаған даулы мәселелерді сотқа дейін шешуге мүмкіндік беріледі. Яғни, науқасқа келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компаниясы жүргізеді. Олай болмаған жағдайда, науқас сотқа жүгінуге құқылы. Жүйені кезең-кезеңмен іске қосу межеленген. Ережеге сай кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жарналарының ең төменгі мөлшері айқындалған. Ол 2025-ші жылдан бастап денсаулық сақтау ұйымы мен медицина қызметкері арасында тең үлесте жүзеге асырылатын болады.
Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:
- Қазір барлық медициналық ұйымдарда пациенттерді қолдау қызметін ашып жатырмыз. Осы модельге сәйкес, пациенттерді қолдау қызметі шағымды қарау кезінде арнайы комиссияны, сарапшылар мен мүдделі тараптарды тартып, медиация элементтерін қолданып, жүзеге асыратын болады. Бұл жоба пациенттердің құқығын қорғау, медицина қызметкерлерінің кәсіптік қауіптерін азайту мақсатында денсаулық сақтау саласындағы жаңа бағыт болып отыр. Соған байланысты осы құжатты қабылдаудың уақыты келді деп есептейміз.