Елордада үлкен тенистен өтіп жатқан турнирдің ширек финалдық матчтары өтті. Осылайша жексенбі күні жартылай финалға шыққан ойыншылар белгілі болды. Келесі айналымға өткендердің бірі жекелей сында ATP тізімінің 34-ші сатысында жайғасқан Адриан Маннарино. Франциялық спортшы аустриялық Юрий Родионовтан екі сетте де басым түсті. Енді ол ақтық сынға жолдама алу үшін енді бір аустриялық Себастьян Офнермен таласады. Ол өзінің отандасы US Open 2020 чемпионы Доминик Тимді ұтқан болатын. Қорытынды сынға екінші жолдаманы сербиялық Хамад Медьедович пен америкалық Себастьян Корд өзара сарапқа салады. Соңғысы бұған дейінгі кездесуде нидерландтық Таллон Грикспордтан айласын асыра алды.
Хамад Медьедович , теннисші:
-Мен жартылай финалда жақсы ойын үлгісін көрсетіп, жеңіске жетемін деп үміттенемін. Бұл жолы да ақтық сынға жолдама алу үшін барымды саламын. Өзіме деген сенімділік артты. Швейцарияда осындай ойын тәжірибесі болды. Алдағы мақсатым жыл соңына дейін Australian Open-нің үздік 100 ойыншысының қатарынан көріну. Қазір мақсатыма біртабан жақындадым. Ол үшін осы турнирде тағы бірер ұпай жинауым керек.