Қазақстанда маска режимі қайта енгізілмейді

Қазақстанда маска режимін енгізу жоспарланып отырған жоқ. Алайда, бұл режим елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Қазақстанда табылған коронавирустың жаңа штаммдары, оның ішінде «Стелс-Омикрон» штаммы бүгінде генетикалық деңгейде қосымша зерттелуде. Талдаулар нәтижесі мамыр айының соңына дейін дайын болады. Сондай-ақ, министр індетті жұқтыру ірі мегаполистер - Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталып жатқанын айтты.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау Министрі

– Еліміздің 12 өңірінде коронавирус инфекциясының «Омикрон» түрінің бірі анықталды. Бұл - «Стелс-Омикрон». Коронавирус инфекциясының бұл түрі «Дельта» вирусына қарағанда жеңіл өтеді. Бірақ, жылдам таралуымен қауіпті әрі қайтадан ауруға алып келеді. Қазір оның бүкіл елімізде қарқынды түрде тарала бастағанын көріп отырмыз. Аурудың жалпы қалай жүріп жатқаны күн сайын бақылауда. Ұқсас симптомдармен немесе коронавирус анықталған науқастардың барлығы толық ем-дом алып жатыр.

Сондай-ақ, сала басшысы халықты қайта вакциналау барысы туралы айтты. Күн сайын республикада 15 мыңға жуық адам екпе салдыруда. Оның ішінде Pfizer вакцинасымен иммундау жоспарға сай жүріп жатыр. Бүгінгі таңда оның 1 миллион дозасы қорда сақтаулы.

 

Автор: Ақзер Сегізбай