Елімізде «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты іске қосылады. Онда «Қызыл кітапқа» енген тырна, дуадақ, безгелдек, аққұйрық бүркіт және алып көртышқан сынды аң-құстармен қатар сирек өсімдік түрлері ерекше қорғалып, сақталатын болады.
Еске салайық, арнайы экожүйесі бар табиғи қорықты құру осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Биыл осыған қатысты кешенді жұмыстар басталды. Табиғат сақшыларының айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстанның даласында жер бетінен жойылып кету қаупі зор 24 жабайы жануардың 9-ы мекен етеді. Олардың қатарында Орал тұқымдас киіктер де бар. Елімізде қатары азайған осы және өзге де дала жауһарларының тұқымын сақтап, ерекше қорғауға алу үшін Ресеймен бірлескен трансшекаралық резерват құру көзделіп отыр.
Айжан Скакова, Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Біз бұл орайда Ресеймен шекараласып жатқан еліміздің Батыс өңірі бойынша айтып жатырмыз. Мәселен, Волгоград облысында Эльтон көлі маңында осындай резерват құрылған. Қазақстандық тарап осыған қатысты жұмыстарды әлі мықтап қолға алған жоқ. Көп ұзамай бұл істі жоспарға сай тындыру керекпіз. Бұл Ресей мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық аймақтармен ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуы тиіс. Біз жақында ЮНЕСКО-ға өтінім беріп, трансшекаралық биорезерват дәрежесін алуымыз керек. Бұл ең алдымен, Қазақстанға ерекше экожүйесін қорғауға мүмкіндік береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов