Мемлекет басшысы еріктілердің халықаралық форумына қатысты. Еске сала кетейік, елордада өткен шарада әлемнің 34 елінен 400-ден астам волонтер бас қосты. Президент сондай-ақ еріктілік пен қайырымдылық ісін есепке алатын жүйені кезең-кезеңімен енгізу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл бастама волонтерлік қозғалысты ынталандыру үшін заңнамалық деңгейде тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұған қоса елдің қайырымды жандарының игі істері ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандырылмақ.
Әрине, осы бағытта халықаралық ынтымақтастық жағына да ерекше назар аударылады. Бұл саланың әрі қарай дамуы мен бағытын айқындауға, жиналған тәжірибемен алмасуға мүмкіндік береді. Қазақстанның бұл ретте мемлекеттік, қоғамдық және аймақтық деңгейлерде ауыз толтырып айталық жетістіктері баршылық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын.
Президент волонтер болу, ең алдымен отнсүйгіштіктің жарқын көрінісі деп санайды. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Қазақ халқы елімізге жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барымен бөліскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен аптада Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Сол жиында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, үнемшілдік, еңбекқорлық, жанашырлық секілді құндылықтар бәрінен биік тұруға тиіс екенін атап көрсеттім. Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Меніңше, барлық еріктілерді Адал азамат деуге болады
Бүгінгі таңда волонтерлер атсалысатын жұмыс ауқымы да артып келеді. Олар кез келген төтенше жағдайларда, өрт, жер сілкінісі, су тасқыны кезінде, адамдарды іздестіруде, көмекке зәрулерге қол ұшын беруде, оларды оқытып, қолдау көрсетуде, жан-жануарларды қорғауда, табиғатты аялауға үйретуде әрдайым алдыңғы шепте. Ал, еріктілердің өздері атап өткендей, бүгінде олардың алдында тұрған басты міндттердің бірі – жас ұрпаққа дұрыс бағдар беріп, болашақты өзгерту.