Ақтөбелік оқушы халықаралық олимпиада жеңімпазы атанды

Ақтөбелік дарынды жас Рустам Валеев география бойынша өткен халықаралық олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды. Бұл – аталмыш пәннен біздің елдің қоржынына түскен жоғары дәрежедегі тұңғыш награда.

Білім сайысы соңғы бір апта бойы Түркияда өтті. Пандемия жағдайына орай қатысушылар онлайн түрде додаға түсіп, бақ сынады. Әлем бойынша 46 елден өтініш білдірген 200 жас үміткер мультимедиялық тест тапсырып, картографиялық бейнелеуден өз өнерлерін көрсеткен. Нәтижесінде, еліміздің ұлттық құрамасы атынан қатысқан ақтөбелік дарын иесі халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды.

Рустам Валеев, халықаралық пәндік олимпиаданың жеңімпазы:

- Қазір таңдау мүмкіндігі мол. Жер, ауа қабатын зерттеумен байланысты ғылымға бағытталған географияны да басты мамандық етуге болады. Болмаса, экономикаға негізделген пәнді таңдау қажет деп ойлаймын. Сондықтан болашағымды осы географиямен байланыстырған соң, дұрыс таңдау жасау қажет.