Қазақстандық Nomad Stunts тобының каскадерлері Голливудтың «Киллер кодексі» фильмінің түсіріліміне қатысты. Картина режиссері – Мартин Кэмпбелл. Сондай-ақ фильмде басты рөлдерді Сэмюэл Лерой Джексон мен Майкл Китон сомдаған.
Жобаға қазақстандық Nomad Stunts тобының 10 каскадері қатысты. Топ жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновтың айтуынша, түсірілімге қатысу туралы ұсыныс 2019 жылдың соңында түскен. Каскадерлерді таңдау барысында фильм үйлестірушісі мен режиссер сұранысына сәйкес келетін жігіттер мен қыздар таңдалып алынды.
Жалпы түсірілімді каскадерлер 2020 жылдың ақпанында Румынияда бастап кеткен. Nomad Stunts каскадерлері тек түсірілімге қатысып қана қоймай, кейіпкерлерді дубляждап, сонымен қатар эпизодтық көріністерге актер ретінде қатысқан. Каскадерлер тобы үшін бұл алғашқы голливудтық жоба емес. Олардың фильм қоржынында «Мулан», «Үйге жол» жобасы және Netflix пен HBO сериалдары бар. Каскадерлер Голливуд, Болливуд және Түркияның жетекші студияларымен бірлесіп жұмыс жасайды.