Қазақстан коронавирустың таралуына байланысты «қызыл аймаққа» өтті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Өткен бір тәулікте 1 445 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Ең көбі Алматы қаласында тіркелген. Антирейтингтің екінші сатысына – Нұр-Сұлтан қаласы орналасты. Мұнда соңғы 24 сағат ішінде 204 науқас анықталды.
Елордада бүгіннен бастап карантиндік талаптар қатаңдатылды. Қол қойылған құжатқа сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері жұмыс күндері кешкі 17:00-ге дейін ғана ашық болады. Сонымен қатар бұл нысандардың демалыс күндері жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Ал қоғамдық тамақтану орындары демалыс күндері өнімдерін жеткізіп қана бере алады. Кинотеатрлар, боулингтер мен балалар ойын-сауық орталықтарына баруға тыйым салынады.
Сондай-ақ бітіруші сыныптарды қоспағанда, студенттер мен оқушылар қашықтан оқыту форматына көшеді.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралу қарқынына байланысты «қызыл аймаққа» өтті. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде КВИ-ден 11 мың тұрғын егілді.
Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бізде айына 70 мыңнан астам вакцина егу мүмкіндігі бар. Қазір барлық медициналық ұйым бұған дайын. Қажет техникалық жабдықтар да, оқытылған қызметкерлер де бар. Біз вакциналауды іске асыруға дайынбыз, алайда мәселе вакциналардың келіп түсуіне байланысты отыр. Қазір бірінші компонент бойынша бір аптаға арналған вакцина бар, ал екінші компонент, әрине, көп. Өйткені екінші компоненттің мерзімі әлі келген жоқ.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облысы «қызыл аймақта» тұр. «Сары аймақта» Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары орналасқан. Қазақстандықтардан аурудың өсуіне жол бермеу үшін санитарлық нормалар мен карантиндік режим талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.