Ақтөбелік археологтар қала маңынан сармат дәуірінің бірнеше қорым тапты, олар біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға жататыны анықталды. Барлығы 9 жерлеу орны табылды, оларда 20 адамның сүйегі және ежелгі адамдардың көптеген тұрмыстық заты бар. Оның ішінде алтын мен қоладан жасалған әшекей бұйымдар, ат әбзелдері, қылыш пен қанжар анықталып отыр.
Аслан Мамедов, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері:
- Бұл бұйымдарға қарап, сол дәуірдегі мәдениетті, дүниетанымды байқауға болады. Әсіресе, металл кен орнын анықтап, оны балқыту арқылы түрлі заттар жасалғанын көреміз. Мұнда қола жебелердің ұштары, қысқа қылыштар, яғни қанжар немесе акинаки деп те атаймыз, ұзын қылыштар да табылды. Олар әртүрлі пішінде. Ұзын қылыштар әскери істің дамығанын айтады. Сондай-ақ құрбандық орындары да анықталған. Бұл да Батыс Қазақстан аумағында тас өңдеу өнері жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді.
Тайпалық жерлеу күн түрінде жасалған. Зерттеушілер мұнда сармат дәуірінің жауынгерлері мен төрелері жатуы мүмкін деп топшылайды.
Мейрам Дүйсенғали, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Жазба деректерден біз енді анықтап отырық, Сармат тайпалары осы өңірді біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдың ортасында игерді. Әрбір адамның қасында 4-5-ке дейін заты бар.
Бірегей жәдігерлер анықталған қорым айналасында тағы да бес қорған бар. Оларды зерттеу келесі жылы жүргізіледі.