«Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекториясы аясында
Қазақстан Президенті телерадиокешенінің деректі фильмдерін көрсету жалғасуда.
Оның шеңберінде ақтаулық көрермендер назарына «Travel Kazakhstan» картинасы
ұсынылды. Туындыда еліміздің көрікті жерлері, танымал туристік бағыттары және біздің
елді саяхаттап жүрген жиһангездер туралы
баяндалады. Фильмнің авторлары Қазақстанның шетелдік қонақтарды немен
қызықтыратынын және жетекші туристік орталықтардың біріне айналып келетінін көрсетеді.
Бұдан бөлек көрермендер «Құлалы аралындағы адам» фильмін тамашалады. Деректі
туындыда Каспий теңізіндегі Құлалы аралында ұзақ уақыт бойы еңбек етіп жүрген
гидрометеостанция басшысы Петр Лупенковтың тағдыры баяндалады.
Марат Абзал, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты:
- Киноның негізгі өзегі, ол мамандыққа деген үлкен
ұстаным және табиғатқа қатысты адам баласының табиғатты зерттеуіне, аялауына
қатысты деп түсіндік. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан»
экологиялық акциясы аясында көрсетілген фильм деп мен өзім түсініп отырмын.
Себебі «Таза Қазақстан» ол тек қана қоқыс жинау емес ол идеологиялық тұрғыда
санаға әсер ету.
Ал Атырауда кино керуенін «Серт» және «Арал» деректі
фильмдері жалғады. Соңғысы балықшы Күнтуған Тұрғынбаев туралы картина. Оның
өмірі арқылы су қоймасының жағалауында тұратын адамдардың өмірі көрсетіледі. «Серт»
туындысы 2024 жылдың көктемінде Қазақстанның бірнеше аймағында болған су
тасқынының салдары туралы баяндайды.
Раиса Биткова, Атырау қ. тұрғыны:
- Біз топан судың салдарын жеңген отандастарымыз туралы филімді тамашаладық. Міне, осы су тасқыны адамдарды жұмылдырып, бірлік, достық пен келісім кез келген кедергіні жеңе алатынын айқын танытты. Бұл фильмдерді міндетті түрде барлық оқу орындарында көрсету керек. Бейбітшілік, келісім және қамқорлық барда біз кез-келген кедергілерді еңсере аламыз.

