Қазақстанда «франкофония
көктемі» басталды. Дәстүрлі іс-шара елімізде осымен 16-рет өткізіліп отыр. Ол
әдеттегідей 15-ші сәуірге дейн жалғасады. Оның аясында француз киносы, түрлі концерттер,
конференциялар, әдеби кездесулер, көрмелер мен байқаулар жоспарланған. Бұл мәдени
танымдық шаралар Қазақстанның бірнеше қаласында: Алматыда, Астанада, Шымкентте,
Атыруда, Қарағандыда, Өскеменде және Қостанайда өтеді. Фестивалді Бельгия,
Канада, Франция, Литва, Марокко, Румыния, Сербия, Армения және Швейцария
елшіліктері бірлесіп ұйымдастырады. Осы орайда француз тілін насихаттауға және
елдердің мәдени ынтымақтастығына бағытталған фестиваль бүгінде 90 мемлекетті
қамтып отыр. Казахстанда 11 000 студент француз тілін үйреніп жүр, тілді
меңгергендер саны жыл сайын артып келеді. Елімізде қазір бірқатар мектепте
француз тілі оқытылады. Мемлекеттер басшыларының келісімімен Астана мен
Алматыда тағы екі оқу орнын ашу көзделіп отыр.
Сильван Гиоге,
Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан үлкен
мемлекет, және оның франкофониялы әлеммен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық
танытып отырғанын білеміз. Сондықтан біз жыл сайын түрлі қалаларды қамтуға
тырысамыз. Биыл Қазақстанның 7 қаласында түрлі іс-шаралар өткіземіз. Келер
жылдары өзге қалаларды да қамтысақ деген үміт бар. Осы мақсатпен біз 9
елшіліктің күш-жігіерін бір арнаға тоғыстырып, бағдарламамыздың аясын кеңейте
алғанымызға қуаныштымын.
Владимир
Йовичич, Сербияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл менің
Қазақстандағы, Астанадағы франкофонды қоғамдастық іс-шараларына қатысудағы
алғашқы тәжірибем. Сербияның өзінде франкофония айы дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Ал, осы елде біз алғаш рет шақыру алдық және бұл жақсы дәстүрге айналады деп
сенемін, әрі жыл өткен сайын франкофония әлемі аясындағы іс-шаралар мен
бастамалар көбейе түседі деген үміттемін.

