Биыл қазақстандықтардың сүйікті мерекесі қалыптыдан өзгеше форматта атап өтіледі. Пандемияның кесірінен және қауіпті індеттің үнді штамының қарқынды таралуына байланысты жоспарлы іс-шаралардың көбі қашықтан, ал кейбірі тіпті мүлдем өткізілмейді. Бұл жолы ешқандай мерекелік отшашу да болмайды.
Салтанат Муксимова, Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының бөлім басшысы:
– Жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға тыйым салынды. Алайда, «Ашық» жобасы негізінде толымдылығы 20 проценттен аспайтын, карантин шараларын қатаң сақтап ашық ауада және «Ашық» жобасы бар нысандарда рұқсат етілген.
Қала билігі демалыс күндерді ашық ауада өткізуге шақырады. Мысалы, қалалық мұрағат ашық аспан астында көрме ұйымдастырды. Тарихи мән мен мағынаға толы картиналарды елордадағы тарихи ғимараттың маңынан көруге болады. Осылайша, фотоқұжаттық көрмені кез келген адам тамашалай алады.
Мейрам Бектембаев, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры:
- Бұл жерде шынында да қызықты бірегей құжат бар. Көрмені ұйымдастыруға бізге Президент мұрағаты көмектесті. Себебі оларда ел азаматтарына, елордамыздың тұрғындарына Нұр-сұлтан қаласының тарихын нақты айта алатын бірегей құжаттар, фото және бейнематериалдар бар.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, биыл елорда күнін әлеуметтік бағытта өткізу жоспарланған. Мысалы, кезекте тұрған азаматтарға бірден 400 пәтердің кілті табысталады. Айта кетейік, Қазақстанда елорда күні 6 шілдеде – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнінде атап өтіледі.
Авторы: Ақзер Сегізбай