Қазақстанда диқандарды несиелеу және субсидиялау рәсімдері жеңілдетіледі

Қазақстанда диқандарды несиелеу және субсидиялау рәсімдері жеңілдетіледі

Қазақстанда отандық диқандарды несиелеу мен субсидиялау рәсімдері жеңілдей түседі.  Елдің ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасының басталғанын жариялады. Ол әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы шаруаларға жеңілдікті қарыз беру мүмкіндігін қамтиды. Үкімет отырысында көктемгі қауырт маусымның мәселелері талқыланды. Биыл елімізде егіс науқанында 28 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Бұл ретте, ел премьер-министрі тұқымның сапасы мен түрлеріне ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Олар ең алдымен экспортқа бағдарланған және жоғары нарықтық сұранысқа ие болуы тиіс.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі :

- Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жеткізілді. Жеңілдікпен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді. Мемлекет егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Жұмыстарды нәтижелі әрі ұйымдасқан түрде   жүзеге асыруымыз қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несиені тиімділігі әрі жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға ғана беруі керек.

Олжас Бектеновтың айтуынша, салаға цифрлық шешімдерді енгізуге де ерекше назар аударылуы тиіс. Бұл агроөндірістік кешендегі деректерге, астық пен тұрақтандыру қорларындағы өнімдерді есепке алуға, сондай-ақ ветеринарлық қауіпсіздікке қатысты. Ал, жасанды интеллект суаруды оңтайландыру, тыңайтқыштар, мал азығын пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасын басқару үшін қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, салалық министрлікте бірқатар ұсыныстар әзірлеген. Мамандар чат-бот-көмекшілер, дрондар және талдаудың интеллектуалды жүйелері арқылы бар үрдістерді автоматтандыруды ұсынады.

Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Бұл жобаларды іске асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Мәселен, слайдтан ауыл шаруашылығына арналған жасанды интеллект негізінде болашақ көмекшілердің үлгісін көруге болады. Бұл көмекшілер мемлекеттік қолдау шаралары, субсидиялар, өтінім беру мерзімдері және қажетті құжаттар туралы өзекті ақпаратты ұсынады. Чат-бот Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректеріне негізделеді және шаруаларға қажетті ақпаратты тәулік бойы үздіксіз әрі жылдам алуға көмектеседі.  

Үкіметте, сондай-ақ елдің салық заңнамасына енгізілуі мүмкін түзетулер ұсынылды. Олар салалар бойынша сараланған  қосымша құн салығының мөлшерлемесін 12-ден 16% дейін ұлғайтуды көздейді. Ұсыныстарды бизнес-қоғамдастықпен талқылау үшін Үкімет өңірлерге 6 жұмыс тобын жіберді. Жалпы жаңа Салық кодексінің жобасын Мәжіліске 20 ақпанға дейін енгізу жоспарланған.


Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?