Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығының қорытындысын шығарды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығының қорытындысын шығарды

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың біріне айналды. Ол барлық қатысушы елдер үшін қауіпсіздіктің кепілі ретінде өзінің қажеттілігін үнемі көрсетіп отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы сессиясында айтты. Отырысқа Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан басшылары қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Біздің үйлесімді әрекеттеріміз, өзара сенім мен қолдауымыз ең қиын әрі ауқымды міндеттерді шешу жолындағы ұжымдық қабілетімізді нығайтады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы  – жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей механизм екенін атап өткен ләзім.

Іс-шара барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қазақстанның биыл Ұйымға төрағалығының қорытындысы шығарылды. Осылайша, біздің еліміз ұйымға мүше елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін жұмсады. Осы уақыт ішінде дағдарыс жағдайларында жедел әрекет ету тетіктерінің тиімділігін арттыру және терроризм, кибершабуыл, трансұлттық қылмыс және заңсыз есірткі айналымы секілді қауіп-қатерлермен күресу тетіктері пысықталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Ұйымның жарғылық органдарының отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және профилактикалық операциялар жоспарлы түрде ұйымдастырылды. Сыртқы істер және қорғаныс министрлері ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін қарастырды. Қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент спикерлерінің деңгейінде кездесулер өтті. Ұйымның қосымша және жұмыс органдарының кеңестері өткізілді. Ұйым қызметінің түрлі бағыттары бойынша консультациялар жасалды. Сессияаралық кезеңде бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Олар халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы ықпалдастық, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтиды.

Кеңейтілген отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев елдердің көшбасшылары халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарын тағы да нақтылағанын атап өтті. Кездесу қорытындысы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әрекет етуге дайын екенін тағы да растады. Ал, ұйымды одан әрі дамыту пайымы енді Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясында көрініс тапты. Ол Қазақстан бастамасымен әзірленді. Жалпы, тараптар 14 құжатқа қол қойды, олардың ішінде тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ұйымның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді. Айта кетейік, төрағалық келесі жылы Қырғызстанға өтті.

Авторы: Әсел Күшенғалиева.

 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?