2022 жылдың тоғыз айындағы Қазақстандағы ЖІӨ өсімі шамамен 3%-ті құрады. Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, бұл көрсеткіш болжамдарға толығымен сәйкес келеді. Кәсіпкерлік белсенділіктің баяулауы тау-кен өнеркәсібіндегі динамиканың төмендеуіне байланысты болды. Атап айтқанда оған еліміздегі негізгі кен орындарындағы жөндеу жұмыстары мен Қашаған зауытындағы апат себеп болды. Ал, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ақпарат және коммуникациялар, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында оң өзгеріс байқалуда. Экономиканың одан әрі өсуі ішкі сұраныс пен нақты экспорттың оң серпінімен, сондай-ақ, мұнай өндіру қарқынының қалпына келуімен қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, еліміздің бас қаржы реттеушісі базалық мөлшерлемені 16% -ке дейін көтерді. Мамандардың айтуынша, бұл шара инфляцияны тежеуге мүмкіндік береді. Ал, инфляция деңгейі болжамнан айтарлықтай асып түскен. Сонымен қатар, ұлттық банк қажет болған жағдайда ақша-несие саясатын одан әрі қатаңдату құқығын өзіне қалдырады. Алда базалық мөлшерлеме әлі де көтерілуі мүмкін. Еске салайық, бұған дейін ол 14,5% құрады.